“Кіші енсиклопедианың үлкен жаласы”
“Кіші енсиклопедианың үлкен жаласы”

“Кіші енсиклопедианың үлкен жаласы”

Views: 5

1937 жылғы 28 мамырда, “Социалістік Қазағыстан” газетінде “Кіші енсиклопедианың үлкен жаласы” атты редакциялық мақаласы жарық көрді. Онда мәскеулік “Малая советская энциклопедия”-ның екінші басылымының бесінші томындағы Қазақстан туралы мақаланың қателіктері сынға алынған. “Кіші кеңес энциклопедия“-сында Қазақстанның жалпы тарихы туралы Борис Родневич мақаланы жазса, қазақ әдебиеті жөніндегі энциклопедиялық  мақаланың авторы белгісіз қалды.

1937 жылғы 28 мамырда, "Социалістік Қазағыстан" газетінде "Кіші енсиклопедианың үлкен жаласы" атты редакциялық мақаласы жарық көрді.

Жақын арада шыққан “Собеттік кіші енсиклопедианың” (“малая советская энциклопедия“) V-томында Қазағыстан туралы, соның ішінде қазақ әдебиеті, қазақ көркем өнері туралы мақала басылды.

Бұл енсиклопедианың бұрынғы басылғандарында қателердің көп болғандығын, қалық жаулары троцкистердің контрабандылық пен өздерінің контрреболүциалық мақалаларын енгізгендігін “Прабда” газеті уақытында көрсеткен. Онан кейін енсиклопедиа түзетіліп қайтадан шыға бастады. Қазағыстан туралы мақала жазылған енсиклопедианың V-томы да сол қайтадан түзетіліп шыққан кітап.

Бұл кітап енсиклопедианың түзетіліп жаңадан шыққаны бола тұрса да, әлі де түзетіліп жетпегені, әлі де қателердің көптігі, кей бір дұшпан елементтердің өз пікірлерін контрабандылық пен әлі де енгізіп отырғаны көрініп тұр. Оған қазақ әдебиеті жөніндегі мақала толық ыспат бола алады.

Қазақ әдебиеті жөніндегі бұл мақалада қазақтың тариқына да, қазақтың әдебиетіне де, қазақтың собет жазушыларына да күйе жағылған. Собет жазушыларын кеміте түсіп, алаш-ордашыл жазушыларды көтермелеуді мақаланың абторы негізгі прінсіп қылған. Осыдан бұл мақала Байтұрсынып, Дулатып сиақты контрреболүциашыл алаш-ордашыларды мақтайтын контрабанды болып шыққан.

Мақаланың басында ХІХ-ғасырдағы қазақ қалқының қозғалыстары жөнінде әңгіме етіледі. Ол қозғалысты бастаушылар ретінде Исатай-Мақамбет пен бірге Кенесарының аты аталады. “Бұлардың пішіні нағыз ұлтшылдық еді, көксейтіндері қазақтың ескі тұрмысы еді, қандық уақытты жоқтайтын еді, орыстарды көре алмайтын еді” дейді. Бұл баға Кенесары қозғалысына дұрыс баға болса да, патша үкіметіне, қазақ қандығына қарсы шыққан Исатай-Мақамбет қозғалысына дұрыс баға емес, өте теріс баға. Бұл теріс бағаны айтудағы мақала абторының көздегені Исатай-Мақамбет бастаған қазақ бұқарасының ұлт-азаттық жолындағы қозғалысы ұлтшыл қозғалыс еді, сол ұлтшылдықты ту қылып көтерген Ақмет Байтұрсыныптар болып еді дегісі келгендік. Мұнда, басқа еш бір сыр жоқ. Үстіп мақаланың абторы алаш-ордашыларды заңға сиғызуға, “жалпы қалықтық қозғалыс” етіп көрсетуге тырысқан.

Мақала абторының осындай контрабандылық пікірді айтқысы келгендігі Абай жөнінде, алаш-ордашыл жазушылар жөнінде жазғанынан ашық көрініп тұр. Мисалы, былай деп жазады: “ХІХ-ғасырдың бас кезінде қазақ буржуазиасының әдебиеті туды. Оны бастап туғызушы Абай Құнанбайып болды… Абайдың идеясын алға бастырушылар Байтұрсынып, Дулатып, Құдайбергеніп, Қарашып болды. Бұл ұлтшыл жазушылар… қазақтың жаншылғанын, қараңғылығын, патшаның езгендігін жыр етті. Қазақ қалқын мәдениетке, бірлікке шақырды” деп жазады.

Бұл пікірдің қазақ қалқының ата дұшпаны алаш-ордашыларды мадақтау үшін айтылғаны өзінен өзі айқын. Мұндай пікірді өздерін өздері көтермелеу үшін Байтұрсынып сиақтылардың өздері айтып жүретін. Алаш-ордашылдар бір кезде Байтұрсыныпты “реболүционер” қылып көрсетуге де тырысқан. Енсиклопедиаға мақала жазып отырған адамның айтып отырғаны да сол сандырақ. Қазақ еңбекшілері, бүкіл қазақ қалқы бұл шірік теориаға, бұл сандыраққа алда қашан соққы берген.

Абай қазақ буржуазиасының ұлтшыл әдебиетін бастаушы болмағаны кәзірде мектепте оқып жүрген 10 жасар балаға дейін мәлім. Абай қалық әдебиетінің асқар белі. Абай қазақтың қалық әдебиетін Батыс Еуропаның әдебиеті мен ұштастырған қазақ қалқының асқан бір ұстасы. Қалыққа соншама сүйкімді, ұнамды осы Абайдың атын бір кезде алаш-ордашылдар пайдалануға тырысты. Абайды ұран қылып ұстап, Абайдың атын жамылып қазақ қалқына ықпал етуге, айтқанына көндіруге тырысты. Бірақ, қазақтың еңбекші бұқарасы алаш-ордашылдардың бұл алдауына көне алмады, қандай тон жамылса да олардың кім екенін айыра білді, бетін қайтарып тастады. Олардың Абай атын былғауына жол бермей, Абайды олардан арашалап алды. Енсиклопедиаға мақала жазушының ашып отырған Әмерикасы жоқ, оның да Абай жөнінде айтып отырғаны сол алаш-ордашылардың пікірі, алаш-ордашылардың Абай атын жамылуға істеген әрекеттерінің бір ұшығы.

Байтұрсыныптар, Дулатыптар патша үкіметі мен күресіп еді деген, қазақ қалқын мәдениетке, бірлікке шақырып еді деген пікірдің астары да қазақ еңбекшілеріне көптен мәлім. Алаш-ордашыл бандылар еш уақытта да қазақ қалқының қамын жемегені, қазақ байлары мен патша үкіметінің мақсатын көздегені тариқ пен, документ пен толық ыспатталған. Контрреболуциашыл алаш ордашылдар еш уақытта да реболүциашыл ағым болған емес. Олар қазақ қалқын сыртынан сатқан предатілдер. Олар реболүциадан бұрын да, кейін де нағыз контрреболуциашыл реаксианың алдыңғы қатарында болды. Олар қазір герман-жапон пашизімінің агентіне айналды. Мұны қазақ қалқы жақсы біледі. Патша үкіметіне қарсы аянбай күрескен, патша үкіметіне қарсы қозғалысты бастаған Амангелді Иманыпты патша әскері мен бірігіп Ақмет, Мыржақыптардың қуғынға салғаны, ақыры келіп өз қолдары мен өлтіргені қазақ еңбекшілерінің есінде. “Ақметтер қазақ қамын жеді” деген пікірді қазақ қалқының жауы ғана айта алады, досы еш уақытта айтпайды.

Қазақ ұлтшылдарының, алаш-ордашылдардың кім екені, кімнің қамқоры екені, кімнің мақсатын көздейтіндігі толық айқындалған. Алаш ордашылдар Колшактар мен, Анненкоптар мен, Дутыптар мен бірге болып, Собет үкіметін құлатуға жан тәнін салып күрес жүргізген. Олардың қалдықтары кәзірде Жапониа мен Германиа пашістерінің агентіне айналып, собет үкіметін құлатуға әлі де күш салып күресіп отыр. Бірақ, енсиклопедиаға мақала жазушы Ақметтердің, Мағжандардың, Мыржақыптардың собет үкіметіне қарсы жүргізген контрреболүциалық істері жөнінде бір ауыз да сөз айтпайды. Оның орнына Аймауытып сиақтылары “бір сәрі” жазушы болып еді деген былшылды соғады. Мақаланың абторы алаш-ордашылдарды ашықтан-ашық жақтаушы адам екені, мақаланы контрабандылық пен өткізіп отырған жау екені осыдан да айқын көрінеді. Әйтпеген күнде алаш-орда жөнінде, олардың ақындары жөнінде әңгіме қылғанда олардың контрреболүциалық беттерін айтпай кетуге бола ма? Олардың беттері, барлық сыры, барлық астары собет үкіметіне қарсы жүргізген күрестерінде емес пе? Қазақ қалқының шын досы мұны айтпай өте алар ма?!

Енсиклопедиаға мақала жазушы собет жазушыларына келгенде мүлдем басқа аяңға түседі. Тілі күрмеліп, қазақтың собет жазушыларының жақсы жақтарын айтпауға, оның орнына жеке кемшіліктерін үлкейте көрсетуге тырысады. Басты деген жазушыларымызға күйе жағады. “1919-20-жылдарда собет әдебиеті туа бастады. Собет үкіметінің бірінші күнінен бастап ұлтшыл жазушылардан собет жағына Сәкен Сайпүллин шықты” — деп, Сәкен Сайпүллинді ұлтшыл жазушыға айналдырады. “Ол уақыттағы әдебиет, негізінде қара шаруашылық, жолбикелік болып еді. Собет әдебиеті 1927-жылдардан бастап шыға бастап еді” дегенді айтады. Сүйтіп, қара шаруалық әдебиетті “жолбикелік” етіп, қара шаруа жөніндегі Троцкидің пікірін соғады.

Собет жазушылары собет үкіметі орнаған күннен бастап-ақ собет жырын жырлағаны, собеттік әдебиет Қазағыстанда собет үкіметі орнағаннан бастап туа бастағаны жұртшылыққа мәлім. Мысалы, ескі ақындардың бірі Сәкеннің кедейлерді күреске шақырған өлеңдерін собет әдебиеті деп танымайтындар болса ұлтшылдар ғана танымайды. Енсиклопедианың бұл айтып отырғаны да сол ұлтшылдардың пікірі.

Мақаланың бір жерінде: “1930-31-жылдардан бастап Қазақтың реболүциалық жазушыларының Түрксіб жөнінде, қалқоз, өндіріс жөнінде жазған бір қатар шығармалары шықты. Бұл шығармаларында көп жазушылар, соның ішінде коммунис жазушылар жаңа тақырыпты кеңейтіп тереңдетті. Біздің шындығымыздың негізгі мақсаттарын пролетариатша түсінгендігін көрсетті” — деп жазады. Бұған қарағанда, мақаланы жазушы: пролетариат әдебиеті, шындықты пролетариатша түсіну 1931-жылдан бұрын болған жоқ еді, тек 1931-жылдан бастап ғана пролетариат әдебиеті жасала бастап еді — деген пікірді айтқысы келеді. Бұда қазақ әдебиетіне жабылған күйе екені, бұда бүркемеленген троцкистік пікір екені өзінен өзі айқын.

Мақаланың ішінде Сәбит Мұқанып, Ілиас Жансүгіріп сиақты үлкен жазушылардың аттары атала келіп, олардың қатарына Қоңыратбайып сиақты алаш орданың сілімтігінің аты қосылады. Қоңыратбайып дегеннің еш уақытта да жазушы болмағаны қазақ жұртшылығына мәлім. Солай бола тұрса да, мақаланы жазушы алаш орданың қайдағы бір сілімтігін үлкен жазушылардың қатарына қосып көтермелеуге тырысқан.

Мақаланың тағы бір жерінде жеке жазушылардың шығармаларының аттарын атай келіп — Сәбит Мұқанып “Қызыл сиыр” деген поема жазды — деген сөзді айтады. Мұндай поеманың еш уақытта да жазылмағаны бізге мәлім.

Міне, енсиклопедиада жазылған мақаланың түрі осы. Бұд мақаланың қазақ тариқына, қазақ әдебиетіне, қазақ жазушыларына жаққан күйе екені, алаш ордашыл контрабанда екені жоғарғы айтылғандардан толық айқындалып отыр.

Бұл енсиклопедиа редаксиасының саясы бейқамдықтан — есуастық дерттен әлі де арылмағандығынан болған нәрсе. Редаксиа бұл жөндегі мақаланы Қазағыстанның тиісті орындары арқылы алмай, кім көрінгеннің қолынан ала салуға еш бір ақысы жоқ еді.

Енсиклопедиада бұл мақаланың шығуына қазақ жазушыларының, әсіресе, жазушылар ұйымының өздері де айыпты. Собеттер Союзының жұртшылығын қазақ әдебиеті мен таныстыратын мақаланы қазақ жазушыларының өздері жазу керек еді. Ол ұйымда қаралуы керек еді. Енсиклопедианың редаксиасына өздері көмектесуі керек еді. Оны олар істемеді. Осыдан келіп алаш ордашыл бір сілімтіктің көр-жері басылып кетуіне өздері де жол берді. Бұл жазушылардың белсенділігінің, інсиатибасының аздығының нәтижесі.

Жазушылар ұйымы, жазушылар бұдан өздеріне сабақ алуы керек. Қазақ әдебиетіне күйе жағылған мақаланың шығуына қарсылықтарын білдірулері мен бірге, собет жұртшылығына қазақ әдебиетін түсіндіру жұмысын өз қолдарына алуы керек.

Likes(0)Dislikes(0)
4 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply