Өз басым, пәлен үйдің бесінші-алтыншы қабатына шықсам, біртүрлі сенімсіздік, үрей сезімі мені билей бастайды. Талай дос-таныстарым да бұндай сезімге душар болады. Кейбіреулердің басы тіпті екінші-үшінші қабаттың өзінде айнала бастайды. Мысалы, 2024 жылғы қытайлық зерттеу бойынша, жұртшылықтың шамамен отыз пайызы биіктік көрінісінің жағдайында біраз дегбірсізденіп кетеді. Расында, осы құбылыс зерттеулерінің саны аз емес. Биіктік қорқудың неше түрлі өлшемдерін сынақтан өткізілді. Алайда, әлгі мәселенің түпкі себебін анықтайтын ғылыми еңбектер мен мақалалардың саны — жоқтың қасы.
Өз басым, ең бастысы жасанды биіктікке сақтана қараймын. Себебі, кез келден үй қолдан жасалынған зат ретінде кенеттен пайда болады. Әдетте, оның жалпы нобайы да шаршы, текше, тік бұрышты, жансыз боп көрінеді. Есесіне, жаратылыстағы бой көтерген төбе, асқар таулардың өзіне шықсам да, бұндай үрейді сезбеймін. Өйткені, жаратылыстағы биіктік әдетте ұзақ уақыт бойынша қалыптасқан соң көбінесе төмпешік, үйінді сияқты жатықтау, байсалды нобайға ие болмақ. Демек, табиғи биіктік бірте-бірте, сатылап жоғарланғанның арқасында едәуір сенімді, қауіпсіз боп көрінеді. Өз кезегінде, тез арада салынған көк тіреген үйлер тұрақсыздау, қатерлі биіктік ретінде көзге түседі. Олар Жер Ананың берік негізінде салынса да, кенеттен көкке ұмтылған тік нобайының салдарынан баянсыз боп көрінеді. Сондықтан, көп жағдайларда таудың екі-үш мың метрліктің биіктігі де көк тіреген үйдің жүз-екі жүз метрлік деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда ыңғайлы сезіледі.
Сөз жоқ, бұндай пікірімді құптау үшін кең көлемдегі зерттеуді өткізу керек. Өйткені, осындай гипотезамды дәлелдеу үшін оны бүге-шігесіне дейін мұқиятты түрде пайымдағаны жөн. Бірақ, оның түпкілікті шындығын қазір де айқын түсінуге болады. Тағы бір рет, жасанды затпен салыстырғанда жаратылыстың үстемдігіне куә болдық. Кісінің ішкі ағзалары, оның жан дүниесінің өзі заңғар құрылыстың қолдан жасалынған алдамшы биіктігіне теріс қарайды. Сол себептен, тірі жандардың басым көпшілігі көпқабатты үйдің тынымсыз тіршілігін жақтырмайды. Бейнелеп айтқанда. алпыс бесінші қабаттағы пәтердің тұрмыс-шаруашылық, психологиялық құндылығы шамалы болса, одан неғұрлым биік тау бөктеріндегі бір-екі қабатты үй көптеген кісілер үшін әлдеқайда жайлы боп көрінеді. Сайып келгенде, ақыр соңында жаратылыстың шабандау өсімі күрт жасанды дамудан озып шығады.
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.
