1936 жылғы 22 мамырда, “Социалды Қазағыстан” газетінде танымал ақынымыз Ғали Ормановтың “Сталін жазында” атты толғауы жарық көрді. Қоршаған ортаның сұлулығын, жаңа тұрмыстың артықшылықтарын жырлайтын шығарманы оқырман жұртына қайтадан ұсынамыз.
Шырқаған Мәскеу төрінен,
Отырмын әнді мен тыңдап,
Алыста қазақ жерінен;
Ауылым, қалам болып шат,
Аспаннан толқып төгілген
Әуезге төсеп тұр құлақ.
Қуанышым асып шегінен
Жүрегім қатты тұр тулап.
Жұртым мен бірге тұрмын мен,
Жүзіміз жарқын, жарқылдап.
Нөсерлеп жауын көгімнен,
Жасарып, жайнап жер шырқап;
Жапанның көгі дүр өнген
Жамылып жасыл жапырақ.
Жан-жақта жаздың көгі мен
Жадырап бұлбұл жыр-жырлап;
Жазымның шаттық үнінен
Аламын тәтті ләззат.
Көңілім өсіп, шалқимын,
Сусыным қанып аңсаған.
Қайратым қаулап тасимын,
Шираған денем, шаршаман.
Жақында жаным, құлақ түр,
Жатпалық қанша мас, надан.
Жайнайтын заман — біздің бұл,
Демеймін еш бір жасқанам.
— Дүлейін бұзып дүниенің,
Дүрілдет, дулат, бас қадам!
Дегендей маған дем беріп,
Денемді қуат басқарған.
— Өлеңдет ақын, аянба.
Тайпалта тақ-тақ бас табан!
Бүлкек пен салмай аяңға,
Бұрқырат, боздат, аш қадам.
Ағылдыр жырды, төгілдір.
Аянбай айдар өмір бұл,
Аршында, жылдам ал қалам.
Өлеңнің жиып шылбырын,
Жөнелсем жосып мен жырлап.
Өткеннің көрем бір күнін
Алдымда тұрған бұлыңдар:
Іркіліп жатқан иірім,
Түнеріп, тұйық мың жылдап.
Толқындап беті кей бір күн
Жел менен аз-аз шымырлап;
Толқытса дауыл тереңін,
Теңселтіп бір күн, қымылдап
Толқындар таудай түйдегін.
Төңкеріп, бұлқып қыбырлап
Қозғалып келіп кемерін
Кеткендей бұзып жұлып ап:
Ағытылды арнам, алдым бос
Ағатын тасып ту уақ!
Ағытқан кімдер, білемін,
Алдымызды аршып жолын сап:
— Өктәбр, Собет, Ленін!
Аямай бізге берген бақ.
Бақытқа бастап Сталін
Жетілген жаңа біз аймақ.
Ленін-Маркс ғылымын
Үйретіп, құйып еліме;
Ерінбей егіп ұрығын,
Өсіріп көгін жеріме;
Жайқалтып жапан ой-қырын,
Жарқырап күн боп көгімде.
Әлісін-әлі ол нұрын
Себелеп сеуіп шөліме;
Жетілтті кемел ол бүгін,
Жер жүзі, мені көрдің бе?
Жер шарына үміт жүрегім —
Іздеген дүние еміне,
Қамқорым, күшім, көмегім —
Мәскеудің тұрмын төрінде.
Таныңдар байқап мен кіммін?
Қараңдар әбден түріме:
Шашырап тауда, далада,
Шашылып жүрген қазақ ек.
Шаңырақ, салқам кереге
Салдырлап жүрген азап ек.
Шалап мас, шаруа шалағай
Шамасыз, құнтсыз — салақ ек.
Шабылып жауға біз оңай,
Шалжиып ішер тамақ ек.
Патшаға, ұлық, төреге
Байлаулы басы, жазалы ек.
Сұғынса келіп келеге,
Сәудегер қуға базар ек.
Сапырып, шайқап жеуіне,
Көлгесір ек, арзан ек.
Би, болыс, пысық төреге
Шәй іліп, отты жағар ед.
Қобалжып кейде теңіздей,
Дөңбекші түсіп қалар ек.
Тұтаған ішкі жалын мен,
Торығып, мұңды ән салар ек.
Төңерек қамау, жарлы дөң,
Толқысақ қайда барар ек!
Сол қазағың міне, мен,
Байқаңдар, бұрып маған бет:
Алтынын, кенін ақтарған
Ажымды таудай алдыңда;
Астығын беріп мақтантқан
Жерімдей шүйгін қазына:
Асылын сөздің көп артқан
Асықпай жинап, сарыла,
Алыстан аңсап жол тартқан
Абайла, қара Жамбылға!
Азап пен шашын ағартқан,
Арқалап сорды, зарыға;
Аңсаған жерін дәл тапқан,
Ақсақал болған шағында.
Домбырасын өңгеріп,
Өзіне-өзі дем беріп
Жеткен, бұл кезі бағына!
Бақытты болмай немене!
Бостандық, еңбек ауылында.
Немере менен шөбере,
Өнерпаз елдің сабында.
Ұласып көп пен бірге өре,
Ұмтыла білім алуда.
Лашық, жалғыз қара үй жоқ,
Қырық найза алған жауында.
Орныққан елі қала боп,
Тұтасқан қалқоз-қауымға.
Мінгені болат Түріксіп
Мүдірмей жүйткіп, бұлықсып,
Мұқтажын жетіп табуда.
Болат құс самғап көгінде,
Мәшине қырын жабуда.
Солардың басын меңгеріп,
Оюлап жерін, көмкеріп,
Жастары заулап шабуда.
Жасарып жері түрленіп,
Жайқалып егін, тіреліп,
Мәуелеп өсіп бабында.
Жамырап, төлдеп келеде,
Меймілдеп өріс малына.
Шабыла еңбек. Жер иіп,
Шырқаған керек табыла.
Жарасып жастар киініп,
Жұлдыздай жайнап жануда.
Жамбыл қарт соған сүйініп,
Жаңа күй, жаңа ән салуда.
“Жәкелеп” жұрты құзыр қып,
Көсемге қосқан баруға.
Алыстан аңсап жол тартып,
Көсемге келген құмартып,
Жеткіншегі өңкей жанында.
Қазақтың осы бейнесі,
Жаңарған жұртым бейне осы
Көктеген қауырт жазында!
Жылынып жазға жырлаймын,
Жазамын толғап мен өлең.
Сталін ыстық біздің күн.
Отанын түгел жебеген.
Жерімнің түкпір-түкіпірін
Көктеткен, гүлге бөлеген.
Көңілде қалмай еш бір мұң,
Көлеміз әбден кенелген.
Еңбекті сүйген елімнен,
Нұр алмай қалған бұл күннен
Еш кім жоқ. Төсеп тұр нұрын
Елжіреп төте төбеден.
Етсе еңбек адал кімде-кім,
Бәріне бұл күн береген.
Бұл күннің нұрын көрмеген
Ала аяқ, арам, қас күнем;
Тастандысы өңкей тариқтың,
Адасып ұлып сенделген.
Бақытсыз қашқын сергелдең!
Бақытты бізден көр бермен:
Мәскеудің мынау төріне
Өнер мен елім өрлеген.
Күнінің келіп өзіне
Жамбыл қарт міне, қол берген.
Танытып жердің жүзіне,
Елімді елге теңгерген
Көсемім-күнім-Сталін,
Еліме қайрат дем берген!
Жарылқап алыс, жуықты,
Жайнатып, бірдей безеген.
Жабырқап, жаурар суықты
Жалғанда білмен енді мен.
Жаным жаз, жүзім жайдары,
Жігерім бойды кернеген,
Жарқырап алдым тұр бәрі,
Жан-жағымды айқын мен көркем.
Жамбыл қарт соған мәз болып,
Жасарып жаны жаз болып
Жасаған қайта, түлеген!
Жанында: өрен-жараны,
Жарқылдап, күліп қабағы
Мәскеуде Жәкең гулеген.
Жыр-жырлап, толғап күй тартып,
Жиғанын түгел тұр сарқып,
Жолдардан алыс тиеген.
Мәскеудің Жәкең төрінде!
Бұрынғы ұзақ өмірінде
Есігіне аяқ тимеген.
Дауысы тарап отанға,
Жайылып жалпақ жапанға,
— Жамбыл ғой біздің бұл — деген.
— Жапанда жалғыз үніміз.
Тұтасып күшті күйге енген.
Қалқы мен отан міне біз
Үн қосып тұрмыз бір жерден.
Сөйлеуге бірге міллион мен
Социалдық өмір тіл берген!
Ақтармай жырды немене,
Аңсаған көсем алдыңда.
Ағылдыр жырды, төк енді,
Аянба тілім арында.
Асқақта даусым өрге өрле
Ашылған шайдай шағыңда!
Есітсін, көрсін дүние,
Жіберсін көзін ауылға.
Желбіре туым жерді ора,
Жапаным жайна, мажыра!
Өлеңім, әнім ескекте,
Жарқылда нөсер жаудыра!!
Жасаймыз қаулап біз өсіп,
Сталін нұрлы жазында!
Қамқорым Мәскеу, көмегім,
Көрсетіп ойын алдыңда,
Қолқалар сенен тілегім:
Тағыда үйрет, тағыда!
Жайылсын жақсы өнегең,
Таралсын сіңіп аулыма.
Бақытты бізге сен берген:
Құрал мен, күш пен, өнер мен,
Керекті кездерде өлең мен,
Дұшпанды жуық бастырмай,
Әзірміз қорғап алуға!
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.
